АХҚО Астана халықаралық форумы аясындағы іс шараларға шақырады
Астана, Қазақстан – 2023 жылғы 22 мамыр.
2023 жылғы 8-9 маусым аралығында Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ҚР Үкіметі ұйымдастыратын Астана халықаралық форумы (АХФ) өтеді. Форум сыртқы саясатты, қауіпсіздік пен орнықтылықты, энергетика мен климатты, сондай-ақ экономика мен қаржыны қоса алғанда, негізгі жаһандық мәселелерге арналады.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы АХФ аясында өтетін жоғары деңгейдегі панельдік сессияларға қатысуға шақырады. Сессияларға қатысу үшін https://astanainternationalforum.org/ сілтемесі бойынша тіркеуден өту қажет.
- ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ ЖӘНЕ КӨМІРТЕГІ БЕЙТАРАПТЫҒЫ КОНТЕКСТІНДЕГІ КӨМІРТЕГІ НАРЫҒЫНЫҢ ДАМУЫ
Күні: 8 маусым
Уақыты: 13:30-14:45
Өтетін орны: Конгресс-орталық, Caspian Hall
Жаңартылатын энергия көздері мен көміртегі нарықтары көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге бағытталған жаһандық күш-жігердің маңызды құрамдас бөлігі саналады. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану технологиялары парниктік газдар шығарындыларын азайту және төмен көміртекті экономикаға көшу үшін қажет. Екінші жағынан, көміртегі нарықтары компанияларға шығарындыларын азайтуға және жаңартылатын энергия көздері маңызды рөл атқаратын шығарындыларды азайту жобаларын ілгерілетуге қаржылық тұрғыдан ынталандырады.
Бұл сессияда үлкен синергияға қол жеткізу және көміртегі бейтараптығына барынша әсер ету үшін ЖЭК пен көміртегі нарықтарының тығыз байланысы мәселелері талқыланады. Сессияға қатысушылар сондай-ақ осы нарықтардың дамуы төмен көміртекті инвестициялар мен инновациялар үшін қалай айтарлықтай мүмкіндіктер туғызатынын біле алады.
Модератор:
- Шарлотта Кан, журналист, тележүргізуші, Bloomberg-тің бұрынғы тілшісі
Спикерлер:
- Досбол Бекмағамбетов, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі
- Мохаммед Джамил Әл Рамахи, Masdar бас директоры
- Марко Арчелли, ACWA Power бас директоры
- Риад Меддеб, БҰҰДБ орнықты энергетика жөніндегі жаһандық хабының директоры
- Аида Ситдикова, ЕҚДБ-ның Еуразия, Таяу Шығыс және Африка өңіріндегі энергетика жөніндегі директоры, орнықты инфрақұрылым жөніндегі топ
- ҚАРЖЫ АВАНГАРДЫНДА: ИННОВАЦИЯЛАР ОРНЫҚТЫ ДАМУДЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ РЕТІНДЕ
Күні: 9 маусым
Уаақыты: 10:00-11:15
Өтетін орны: Конгресс-орталық, Caspian Hall
Қазақстан мұнай емес секторларға, тікелей шетелдік инвестициялардың ағынына, ЖІӨ-нің өсуіне, мемлекеттік және жеке секторлар арасындағы ынтымақтастықтың жақсаруына назар аудара отырып, қаржы дағдарысы, пандемия және геосаяси шиеленістің күшеюі сияқты беймәлімділік белең алған кезеңде өзінің орнықтылығын дәлелдеді.
Жақында еліміз жаңа экономикалық күн тәртібін іске асыруға кірісті және Орталық Азия өңіріндегі цифрлық және финтех-инновациялардың алдыңғы қатарына шықты, бұл цифрлық экономиканы дамыту, қаржылық қызметтер индустриясындағы инновацияларды қолдау үшін жаңа мақсаттар қойды. Жаңа технологиялар мен деректер, соның ішінде үлкен деректер ғылымы, жасанды интеллект және басқа да байланысты технологиялар дамушы нарықтарға экономикалық модельдерді өзгертуге, қаржылық операцияларды жақсартуға және цифрлық әлемде мүмкіндіктер туғызу үшін өзгерістерді болжауға көмектесетін зор әлеуетке ие екені белгілі болды.
Бұл жоғары деңгейлі сессия қаржы саласының басшылары мен әртүрлі секторлардың инвесторларына Еуразияның жаңа экономикаларындағы жаңа идеялар мен инвестициялық үрдістерді зерделеу үшін бірегей мүмкіндіктер береді, жаңа қаржы экожүйесін жаңғырту және цифрландыру, сондай-ақ тез өзгеретін әлемде қаржының болашағын қалыптастыру үшін тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап көрсетеді.
Модератор:
- Джонатан Чарльз, Қазақстанның коммуникациялар және брендті ілгерілету мәселелері жөніндегі халықаралық кеңесшісі, ЕҚДБ-ның коммуникациялар жөніндегі бұрынғы басқарушы директоры, BBC-дің бұрынғы тілшісі
Спикерлер:
- Ренат Бектұров, АХҚО Басқарушысы
- Тимур Турлов, Freedom Holding Corp бас атқарушы директоры
- Кристина Дорош, Visa вице-президенті, Орталық Азия және Әзірбайжан жөніндегі өңірлік менеджер
- Сопненду Моханти, Сингапур валюта басқармасының қаржы технологиялары жөніндегі директоры (MAS)
- ОРТА ДӘЛІЗ: ЕУРАЗИЯДАҒЫ ӨЗАРА БАЙЛАНЫСТЫЛЫҚТЫ НЫҒАЙТУ
Күні: 9 маусым
Уақыты: 13:45-15:00
Орны: Конгресс-орталық, Caspian Hall
Сауда ағындарының өзгеруі және жаһандық геосаяси ахуал елдерді халықаралық нарықтарға шығатын жаңа жол іздеуге және дәстүрлі сауда жолдарын әртараптандыруға мәжбүр етуде. Бұл тұрғыда Еуропа мен Азияны байланыстыратын Орта дәліз Еуразия құрлығындағы көлік желісін әртараптандыру және нығайту үшін маңызды бағытқа айналуда.
Орта дәліздің әлеуетін іске асыру осы бағдар бойындағы барлық мүдделі тараптар арасындағы, әсіресе инвестициялар мен реттеуге қатысты тығыз үйлестіруге байланысты. Қазақстан өз кезегінде бағдар бойынша үздіксіз сауда ағындарын қамтамасыз ету үшін өз инфрақұрылымын және мәмілелерді құрылымдау, инвестициялар тарту және трансшекаралық транзакцияларға жәрдемдесу үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін ұсына алады.
Модератор:
- Джонатан Чарльз, Қазақстанның коммуникациялар және брендті ілгерілету мәселелері жөніндегі халықаралық кеңесшісі, ЕҚДБ-ның коммуникациялар жөніндегі бұрынғы басқарушы директоры, BBC-дің бұрынғы тілшісі
Спикерлер:
- Нұрлан Сауранбаев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы
- Жужанна Харгитай, ЕҚДБ-ның Орталық Азия жөніндегі басқарушы директоры
- Вибке Шлёмер, Орталық Азия мен Түркиядағы директор, Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC)
- Д-р Ян Чжао, China International Capital Corporation (CICC) Жаһандық институттың басқарушы директоры
________________________________________________________________________________________________________
Астана халықаралық форумына және жоғары деңгейдегі панельдік сессияларға қатысу үшін АХҚО-ның https://astanainternationalforum.org/ сайтында тіркелу қажет
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – 2018 жылы жұмысын бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті – ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде орнығу..