June 7, 2023

АХҚО алаңында жыл сайынғы «Astana Finance Days» конференциясы өтті

7 маусымда «Астана» халықаралық қаржы орталығында (бұдан әрі – АХҚО, Орталық) «Astana Finance Days: қаржы нарығының алғы шебінде» конференциясы өтті. Іс-шара 2018 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылып келеді.  Astana Finance Days – қазақстандық қаржы саласының өзекті мәселелерін, үрдістері мен мүмкіндіктерін талқылауға және нетворкингке арналған басты платформа.

«АХҚО өнімдері», «Юрисдикция және реттеу», «Инновациялар және саланың әлеуеті», «Жасыл өсу» және «Капитал нарықтары» атты бес тақырыптық бағытты қамтитын 28 панельдік сессияға 143 қазақстандық және шетелдік спикер қатысты.

АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров «Капиталдың ұтқырлығы және қаржылық байланыстар» бизнес-таңғы асында құттықтау сөз сөйлеп, конференцияны ашты. Ол өз сөзінде қаржы орталығы алдағы бірнеше жылда баса назар аударатын үш негізгі бағытты белгіледі, олар: тікелей шетелдік инвестициялардың ағынына жәрдемдесу, бағалы қағаздардың серпінді нарығын дамыту және АХҚО-ның өңірлік қаржы хабы ретіндегі шетелдегі позицияларын нығайту.

Конференция аясында Astana International Exchange (АХҚО биржасы) мен Abu Dhabi Securities Exchange (Әбу-Даби биржасы) арасында ынтымақтастықты нығайту және екіжақты қатынастарды кеңейту туралы келісімге қол қойылды. Биржалар ADX әзірлеген Tabadul платформасы арқылы инвесторлардың екі биржаға да өзара қолжетімділігін қамтамасыз етуге уағдаласты.

AIX басқарма төрағасының м.а. Әсел Мұқажанова былай деп атап өтті:

“AIX-тің стратегиялық мақсаттарының бірі  – халықаралық экспертиза мен халықаралық қор нарығының мәдениетін Қазақстанға әкелу және нарыққа шетелдік инвесторларды тарту. Өз кезегінде, бұл келісім Қазақстандық инвесторларға жаңа мүмкіндіктерді ашады және нарыққа қатысушыларға арналған құралдарды кеңейтеді: жеке инвесторлар лицензиясы бар брокерлер арқылы екі биржада да сауда жасай алады. ADX пен AIX арасындағы сауда қатынастары AIX-тің мақсаттарына сай келеді және Қазақстан мен Парсы елдері нарықтарының арасындағы байланысты нығайта түседі”.

Сондай-ақ, «Green Finance Awards-2023» халықаралық сыйлығын табыстаудың салтанатты рәсімі өтті. Аталған іс-шарада 2021-2022 жылдары Орталық Азия, Шығыс Еуропа, Кавказ және Моңғолия өңірінде тұрақты қаржыландыру нарығының дамуына сүбелі үлес қосқан жеңімпаздар анықталды:

  • «Үздік жасыл инвестициялық банк» – «Қазақстан Халық Банкі» АҚ тұрақтылық құндылықтарына бейілдігі және орнықты даму қағидаттарын тиімді енгізгені үшін марапатталды.
  • «Жасыл қаржыны дамытуға қосқан зор үлесі үшін» – «Дос-Кредобанк» ААҚ жасыл қаржыны дамытуға айрықша үлесі қосқаны үшін марапатталды.
  • «Жасыл қаржы жөніндегі үздік консалтинг» – «Эрнст энд Янг – консультациялық қызметтер» ЖШС компанияларға тұрақты даму саласындағы мақсатқа тиімді қол жеткізуге көмектескені үшін марапатталды.
  • «Ең ірі егеменді жасыл облигация» – Венгрия, ең ірі көлемдегі егеменді жасыл облигациялар шығарған ел.
  • «Ірі қаржылық емес корпоративтік жасыл облигация» – жасыл облигациялардың ең ірі шығарылымы бар «KEGOC» Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» АҚ.

АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров өз сөзінде: «Біз 2019 жылдан бері үшінші рет өткізіп келе жатқан Green Finance Awards сыйлығының жеңімпаздарын құттықтауға қуаныштымыз, бұл өңірдегі ESG-қаржының дамуына қосқан зор үлесі үшін беделді тану белгісіне айналған үміткерлер деңгейін көрсетіп отыр. Біз өз елдері мен аймақтарында тұрақты қаржыландыруды ілгерілетуде айтарлықтай жетістіктерге жеткен тұлғалар мен компанияларға көңіл бөлу үшін Green Finance Awards жүлдесін тағайындадық. Бұл өз кезегінде жасыл облигациялардың ең үлкен шығарылымдары немесе жасыл банкингтің ең озық тәжірибелері болуы мүмкін. Жүлденің басты мақсаты – жеңімпаз ұйымдардың танымалдығын арттыру және оларды тұрақты болашаққа жету жолында климаттың өзгеруіне қарсы күресте осындай қиындықтарға тап болған басқа нарық қатысушыларына үлгі ету», деп аталған марапаттың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Halyk басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Көшенов марапатқа ие болғаннан кейін: «Біз жасыл экономиканы нығайтуға қосқан үлесіміздің мойындалғанына ризамыз. Банк орнықты даму қағидаттарын енгізу бағытында орасан зор жұмыс жүргізуде және біздің күш-жігеріміз халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болғанына қуаныштымыз», деп өз алғысын білдірді.

Марапаттау рәсімінде Halyk жақын арада «жасыл» автонесиелеу бойынша жаңа онлайн үдерістің іске қосылуы және электр автомобильдерін сатып алудың ерекше шарттары – автокредиттер бойынша стандартты мөлшерлеменің 1%-ы мөлшерінде жеңілдік күтілетінін мәлімдеді. «Жасыл» автокредит 6 айдан 84 айға дейінгі мерзімге жаңа автомобильдерге де, мінілген автомобильдерге де берілетін болады. Банктің әлеуметтік қызметі қоршаған ортаны сақтау тақырыбымен де тығыз байланысты.

Конференция аясында АХҚО юрисдикциясындағы ITS халықаралық сауда алаңының алғашқы сауда-саттықтары басталды. Бұл АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінен көпжақты сауда алаңымен жұмыс істеуге MTF (Multilateral Trading Facility) лицензиясын алған алғашқы компания. Оның көмегімен қазақстандық инвесторлар Азия, Еуропа және америкалық биржалық алаңдардың жұмыс уақытында жаһандық қаржы нарығының мыңдаған инвестициялық өніміне қол жеткізе алады. Әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдап саналатын құралмен сауда-саттықты қамтамасыз ете алатын MTF цифрлық платформалары көптеген жылдар бойы Еуропалық одақ аумағында жұмыс істеп келеді.

Ашылу салтанатында Астана халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Ренат Бектұров: «Біз АХҚО юрисдикциясында ITS халықаралық сауда-саттық алаңының іске қосылғанын құптаймыз. АХҚО юрисдикциясында ITS платформасы түрінде әлемдік алаңдардың алғашқы жаһандық премаркеті пайда болды. ITS қызметі Қазақстанда бөлшек инвестициялаудың өсуіне ықпал ететін болады және тұтастай алғанда АХҚО-ның жалпы экожүйесі мен елдің қаржы нарығын табысты дамытудың маңызды элементіне айналады», деп мұндай бастамалардың маңызды екенін ескерді.

Конференцияға барлығы 70 елден 3000-нан астам қатысушы қатысты. Олардың ішінде мемлекеттік органдардың өкілдері, қаржы саласының сарапшылары, инвесторлар, бизнес иелері, халықаралық банктердің, шетелдік қор нарықтарының, ірі ұлттық компаниялардың басшылары бар.

Visa, ITS, Freedom Holding Corp, ERG, CICC, MYD Production компаниялары конференцияның алтын және күміс демеушілері болды.

Орталық Азия елдері мен Әзірбайжандағы Visa-ның вице-президенті, өңірлік менеджері Кристина Дорош«Қазақстан – тек Орталық Азияда ғана емес, әлемде де қаржы технологияларының даму қарқыны бойынша көшбасшылардың бірі. Мұндай жетістік құрылған ашық диалог пен нарықтың барлық қатысушылары арасындағы бірлескен жұмыстың арқасында мүмкін болды. Visa қолдауымен АХҚО ұйымдастырған Astana Finance Days конференциясы бір алаңда мемлекеттік органдардың өкілдерін, қаржы саласының сарапшыларын, инвесторлар мен бизнес құрылтайшыларын біріктіргеніне өте қуаныштымыз. Бұл платформа жылдан жылға инновациялық шешімдерді енгізуге және елдің қолма-қол ақшасыз экономикаға жылдам көшуіне ықпал ететініне сенімдімін», деп жылы лебізін білдірді.

 

АНЫҚТАМА

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО)  – бизнесті ашу, жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz

 

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева

Баспасөз хатшысы

Тел: +7 701 777 6558

 

Бақытжан Тоимбек 

Баспасөз қызметінің бас менеджері

Тел. +7 702 222 0008

E-mail: [email protected]