March 7, 2024

Astana Finance Days 2024: Инновация. Инвестиция. Серпін

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Астана Халықаралық форумы қарсаңында ағымдағы жылдың 11-12 маусымында «Astana Finance Days 2024» (AFD) конференциясының өткізілетіні туралы хабарлайды. 

AFD – бүкіл еуразиялық өңірді қамтитын әрі жыл сайын ұйымдастырылатын қаржы конференциясы. Ауқымды іс-шара 2018 жылдан бері Қазақстан және жалпы әлемнің қаржы тақырыбындағы өзекті мәселелерін, беталысы мен мүмкіндіктерін талқылау әрі іскерлік байланыстар құру үшін платформа ретінде жұмыс істейді. 

Конференцияға жыл сайын 70-тен астам елден 3000-ға жуық қатысушы қатысады: солардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер, лауазымды тұлғалар, білікті қаржы-экономика сарапшылары, ірі инвесторлар мен бизнес иелері, халықаралық банктердің, шетелдік қор нарықтарының басшылары бар. 

Ауқымды іс-шарада Қазақстанның макроэкономикалық болашағы мен инвестициялық мүмкіндіктері, еліміздің капитал нарықтары, активтерді басқару саласын дамыту әлеуеті, орнықты қаржыландырудың жаңа құралдары, Орталық Азиядағы төмен көміртекті даму әрі «жасыл экономиканың» өсуі, жеке әрі корпоративтік сектордағы исламдық қаржыландыру, юрисдикция, реттеу немесе АХҚО шеңберінде дауларды шешу, дамушы тау-кен өндіру нарығының өңірлік ілгерілеуі, қаржы индустриясындағы инновациялар мен үрдістер және т. б. өзекті мәселелер мен тақырыптар қозғалатын болады. 

Сондай-ақ, конференция аясында АХҚО қатысушыларының форумы өтеді. Форум Қаржы орталығы қатысушы компаниялардың конструктивті диалогы мен қолдауына жәрдемдесуге бағытталады. Іс-шара АХҚО қатысушыларының қызметімен танысып, олардың Қазақстан экономикасына қосып жатқан үлесін талдауға және өзара іскерлік байланыстар орнатып қарым-қатынас жасауға мүмкіндіктер ашады. 

Форумда подкаст-сессия ұйымдастырылады, онда АХҚО қатысушыларының кімдер екенін, немен айналысатынын, олардың өз бизнесі үшін АХҚО-ны қандай себептермен таңдайтынын, сонымен бірге юрисдикция шеңберінде қандай тіркеу және реттеу рәсімдері өтетінін білетін боласыздар. Бұған қоса форумда АХҚО-да компанияны тіркеу, пост-тіркеу және лицензиялау мәселелеріне арналған панельдік сессиялармен бірге Орталықтың қазіргі қатысушыларымен Q&A-кездесуі өтеді. 

Қаржы саласының сарапшыларын, мемлекеттік органдардың өкілдерін, инвесторлар мен бизнес-көшбасшыларын инвестициялық мүмкіндіктерді зерделеу, нетворкинг әрі өңірдегі соңғы қаржылық үрдістер мен оқиғалар туралы өзара ақпарат алмаса отырып даму үшін AFD 2024-ке қатысуға шақырамыз. 

AFD 2024-ке қатысу бойынша сұрақтар туындаған жағдайда [email protected] электронды поштасына жазсаңыздар болады.